Бұл менің бірінші ханым ретінде шетелге шыққан алғашқы сапарым. Сенесіз бе? (Қол шапалақ) Ұлыбританияда алғаш рет емеспін. Бірақ ресми сапармен бірінші рет келіп отырмын. Америка мен Британия арасындағы ерекше байланыс тек қана үкімет аралық келіссөздердің жиі жүріп жатқанынан немесе тіліміз бен құндылықтарымыз ортақ болғанынан емес. Сіздерге қарап осыған көзім жетіп отыр. Сапарымның барысында жарқын болашақтарың үшін талмай еңбек етіп жатқан Британияның ең ерекше әйелдерімен кездесу құрметі көрсетілді. Сіздермен кездесу мен үшін үлкен құрмет. Сіздер Ұлыбритания мен жалпы әлемнің болашақ көшбасшыларысыз. Өміріміз әртүрлі болса да, мен АҚШ-тың бірінші ханымы болып, сіздер мектеп жасөспірімдері болсаңыз да, ұқсастығымыз бар. Бүгін алдарыңызда бірінші ханым ретінде сөз сөйлейтінім ойыма да кіріп шықпады. Оқиғам да тікелей қатысты емес. Ауқатты отбасында туып өспедім. Белгілі бір әлеуметтік топқа жатпадым. Чикагоның оңтүстігінде өстім. Ол аймақ нағыз Чикагоның өзі. Жұмысшылар табынан шықтым. Әкем өмір бойы қалада жұмыс жасап келді. Анам үйде отыратын. Үйде отырып, үлкен ағам екеумізді бақты. Екеуі де жоғарғы оқу орнын бітірмеген. Әкеме күші кемелденген шағында шашыраңқы скелорз деген диагноз қойды. Жасы үлкейген сайын, таң ертең киінудің өзіне қиналатын. Бірақ еш тайынбастан ауруымен күресуді тоқтатпады. Бір де бір рет шағым айтқан емес. Тағдырына шүкіршілік етті. Бұрынғыдан сәл ертерек тұрып, уақытының көп бөлігін жұмыста өткізді. Ата-анам тәрбиемізге қатты көңіл бөлді. Махаббат сияқты нағыз керек құндылықтарды бойымызға сіңірді. Әрі жақсы білім мен қажырлы еңбек адамды қалаған мұратына жеткізетініне сендірді. Кішкентайынан қамқор көрсетіліп өскен мендей қызға жетістікке жетуде ешнәрсе бөгет бола алмады. Себебі ең тамаша кісілердің махаббаттарына кенелдім. Әжелер, ұстаздар, әпкелерім, бөлелерім және көрші апалар сабырлық пен адамгершілік қасиеттерін ұқтырды. Анам – ең қатты үлгі тұтатын кісілердің бірі. Бізбен бірге Ақ үйде Малайа және Саша деген екі кішкентай қыздарымызды бағуға көмектеседі. Олардың тәрбиелеріне зер салып мән береді. Ағам екеумізге берген тәрбиені енді балаларым көріп жатыр. Қыздарымда рақымдылық, әділдік, сенімділік және ыждаһат сияқты адами құндылықтарды қалыптастыру үшін бар күшін салып жатыр. Осындай қамқорлықты тек махаббаты риясыз әжелер көрсете алады. Әрі әкем, ағам, көкелерім және аталарым сияқты нағыз ерлердің қолдауын көріп өскенім үшін тағдырыма ризамын. Олар маған ең маңызды тақырыпта біраз ақыл-кеңестерін берген. Олардан ер кісі мен әйел адамның бір-біріне лайықты ілтипат қандай болу керектігін үйрендім. Осы кісілердің арқасында некенің жауапкершілік пен адалдық сияқты құндылықтарға негізделетінін түсіндім. Олар маған отағасының отбасы алдындағы міндеттері жайлы білетіндерімен бөлісті. Тек қана өз отбасыңның жағдайын ойлап қоймай, қоғам тәрбиесіне де атсалысу керектігін айтқысы келді. Өз күйеуімнің бойынан осындай қасиеттерді іздедім. Барак Обама. Ең бірінші рет кездескенімізде, мені көрісуге шақырғаны есімде. Ол көрісу деуімен қоғамдық жиналысқа бірге баруды меңзеді. (Күлкі) Білемін. Неткен романтика! (Күлкі) Бірақ Баракты бірінші кездестіргенімде, ол қоғамдық ұйымдастырушы ретінде адамдарға жұмыс табуларына көмектесетін. Нашар аудандарды керек ресурстармен қамтамасыз етуге тырысты. Сол аудан орталығында екі тұжырымдама жайлы тұрғындардың алдында заманымыз қазіргі жағдайдан гөрі қандай болу керектігі туралы сөз сөйледі. Мен де осы тақырыпты сайлау алдындағы науқанда жиі қозғадым. Барактың айтуынша, осы екі тұжырымдаманың бір-бірінен алыс болғанына көздерімізді жұмып қараймыз. Кейде құндылықтарымызға сай келмесе де, қазіргі заман талаптары бойынша шешім қабылдаймыз. Бірақ Барак сол күні қазіргі заман негізінен қандай болуы керектігі туралы ойымызды есімізге түсірді. Бәріміз әділет пен адам мүмкіншілігі деген нәрселердің түп мағынасынан хабардармыз. Жолдасым сол ортамның жиналысында адамдарды екі тұжырымдаманың арасын біріктіруге шақырды. Бірлесе отырып, қазіргі әлемнің жағдайын жақсарту үшін жұмыс жасауымызды сұрады. Бұл оқиғаны есіме қазір түсірген себебім біздің болашағымызды жақсартуда сіздердің үлестеріңіз көп екеніне сенімдімін. Сіздер әлемді өз тәртібімен жаңадан қалыптастырасыңдар. Осылайша тарихтың жаңа беттерін толтырасыңдар. Бұны тек өздерің үшін емес келер ұрпақты да ойлап іске асырасыңдар. Сондықтан жақсы білім алу өте маңызды. Қазір оқуда кездестіретін қиыншылықтарыңыз, мұғалімдермен ара-қатынасыңыз, жалпы оқудың түрлі сатыларынан өтуіңіз өте маңызды. Қоғам, мемлекет, тіпті бүкіл дүниежүзінде болсын, әйел адамның атқаратын қызметі аса зор. Бұл нәрсені әрдайым ескеруіміз қажет. Қыз баланың білімді болуы маңызды. Артта қалған отбасы мен мерейлі отбасы арасындағы айырмашылық сол отбасыларда әйел адам қандай орын алатынына байланысты. Нашар қоғам мен гүлденген қоғам арасындағы айырмашылық ер кісі мен әйел адам арасындағы сыйластықтан туындайды. Екі жақтың қоғамға қосып жатқан үлестерін жете бағаламағаны дұрыс болмайды. Қыздар мен ер балалардың оқуына бірдей мүмкіншілік берілсе, мемлекет гүлденетіні сөзсіз. Мына мектепке Британияның ең алғашқы әйел дәрігерінің аты берілуі, қоршауында орналасқан ғимараттар мексикалық суретші Фрида Калоның және қара нәсілді Флоренс бұлбұлы деген лақап атымен танымал ямайкалық медбике Мэри Сикоулдың немесе ағылшын жазушысы Эмили Бронтенің атымен аталу себебі бұл кісілер жан тыныштығын табу үшін кемсітушілік, нәсілшілдік және надандықпен күресуге тырысты. "Шектеусіз" деген артымдағы ілініп тұрған жазудай, олар да қиыншылықтарға қарамастан, мүмкіндіктеріне шек қоймады. Армандарын іске асыру – өмірдің мәні деп білді. Осылайша кездескен көптеген қиыншылықтарды жеңіп шықты. Олар іздерінен ерген миллиондаған әйел дәрігер мен медбикеге, суретші мен жазушыға жарқын болашаққа жол ашып берді. Жақсы білім алсаңыз, тағдырыңыз өз қолыңызда болады. Әрдайым естеріңде болсын. Біле білсеңіз, білімнің арқасында мен де алдарыңда сөз сөйлеу құрметіне ие болдым, Ешқашан сабақтан қалмадым. Араңызда біреу сабақтан қала ма білмеймін. Өзім ешқашан олай істемедім. Бес алған ұнайтын. Қатарымның алды болған ұнайтын. Әрдайым уақытылы келіп, сабақ орындағанды қызық көрдім. Үздік оқушы болу өмірдегі ең күшті нәрсе деп ойладым. Оқуға осындай көзқараспен қарайтын болсаңыз, тағдырыңызды өзіңіз құра аласыз. Жолыңыз ашық болып, Армандарыңызға жете аласыз. Дегендеріңізге жеткенде, ізіңізден қуып келе жатқан жастарға қолдау көрсете бастайсыз. Адам жетістікке тек қана өзіне сеніп, аянбай еңбек ету арқылы жетеді. Шыққан жерің сіздерге еш нәрседе көмектесе алмайды. Бұған тарих куә. Шынымен қазіргі заман солай. Тағдырыңыз өзіңіздің қолыңызда. Әрине, еш нәрсе оңайлықпен келмейді. Бірақ сіздерде жетістікке жету үшін қажет заттар қолыңызда тұр. Жолдасым бір үлкен бөлмеде жұмыс жасайды. Бәрі оны Жұмыр бөлме деп атайды. Сол жерде жолдасымның жұмыс үстелі бар. Аты Резолют үстелі деп аталады. Ол патшаның Резолют атты кемесінің сүрегінен жасалды. Виктория патшайымының сыйы еді. Ол үстел мемлекетаралық достық нышанын білдіреді. Резолют деген аты табанды, берік қасиеттер мемлекетті билеу үшін ғана емес. Мәнді өмір сүру үшін де керек екенін есімізге түсіреді. Сендер де армандарыңа берік болып, артқа шегінбей, тек ілгері жүретіндеріңе сенемін. Әрқайсыларың берілген қабілеттеріңді қолданасыңдар деп сенемін. Өйткені сіздерге сенім артып отырмыз. Өздеріңді жетілдіруде барынша тырысатындарыңа сенеміз. Себебі әлем өте үлкен және қиыншылықтарға толы. Бізге істі кемеліне жеткізетін ақылды, мықты, өздеріне сенімді қыздар керек. Бәрі қолдарыңыздан келетініне сенімдіміз! Сіздерді жақсы көреміз. Үлкен рақмет. (Қол соғу)